http://kz.astana.kz
Ауа райын болжау
Астана
03/09 Жм
түн
http://kz.astana.kz2..4 °C
744 мм
СШ, 2-4м/с
03/09 Жм
ерте
http://kz.astana.kz10..12 °C
745 мм
СШ, 4-6м/с
 
Басты arrow Астана әкімдігі arrow Мемлекеттік рәміздері
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы  

gerb_kazakhstan.gif

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ГЕРБІ – Қазақстан Республикасының негізгі мемлекеттік рәміздерінің бірі. ҚР Президентінің «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң күші бар Жарлығымен (24.1.1996) белгіленген. Рәміздік тұрғыдан ҚР мемлекеттік Елтаңбасының негізі – шаңырақ. Ол – Елтаңбаның жүрегі. Шаңырақ – мемлекетттің түп негізі – отбасының негізі. Шаңырақ – Күн шеңбері. Айналған күн шеңберінің қозғалыстағы суреті іспетті. Шаңырақ – киіз үйдің күмбезі, көшпелі түркілер үшін үйдің, ошақтың, отбасының бейнесі. Тұлпар – дала дүлділі, ер-азаматтың сәйгүлігі, желдей ескен жүйрік аты, жеңіске деген жасымас жігердің, қажымас қайраттың, мұқалмас қажырдың, тәуелсіздікке, бостандыққа ұмтылған құлшыныстың бейнесі. Қанатты тұлпар – қазақ поэзиясында кең тараған бейне. Ол ұшқыр арманның, самғаған таңғажайып жасампаздық қиялдың, талмас талаптың, асыл мұраттың, жақсылыққа құштарлықтың кейпі. Қанатты Тұлпар Уақыт пен Кеңістікті біріктіреді. Ол өлмес өмірдің бейнесі. Бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүретін Қазақстан халқының өсіп-өркендеуін, рухани байлығын, сан сырлы, алуан қырлы бет-бейнесін паш етеді. Бес бұрышты жұлдыз Елтаңбаның тәжі іспетті. Әрбір адамның жол нұсқайтын жарық жұлдызы бар. Қазақстан Республикасы мемлекеттік Елтаңбасының авторлары – Ж. Мәлібеков пен Ш. Уәлиханов.

 

Қазақстан Республикасының Туы  

flag_kazakhstan1.png

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы – көгілдір түсті тік бұрышты кездеме. Тудың ортасында күннің 32 шұғыласы, оның астында қалықтаған қыран бейнеленген. Сабына бекітілген тұста ұлттық оюлармен кестеленген тік жолақ өрнектелген. Күн, арай, қыран және ою-өрнек – алтын түсті.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Әнұраны  

Сөзінің авторлары: Жұмекен Нәжимиденов, Нұрсұлтан Назарбаев

Алтын күн аспаны,
Алтын дән даласы,
Ерліктің дастаны,
Еліме қарашы!
Ежелден ер деген,
Даңқымыз шықты ғой.
Намысын бермеген,
Қазағым мықты ғой!

Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің - Қазақстаным!


Ұрпаққа жол ашқан,
Кең байтақ жерім бар.
Бірлігі жарасқан,
Тәуелсіз елім бар.
Қарсы алған уақытты,
Мәңгілік досындай.
Біздің ел бақытты,
Біздің ел осындай!

Қайырмасы:
Менің елім, менің елім,
Гүлің болып егілемін,
Жырың болып төгілемін, елім!
Туған жерім менің - Қазақстаным!



himn_kazakhstan.jpg

 

 

 


 

Астана қаласының Елтаңбасы  

astana_gerb.png

    Төлтаңба негізіне жетілу, шексіздік пен мәңгілікті білдіретін шеңбер алынған. Екі символ – Бәйтерек пен Шаңырақты біріктіру оның орталық айшықтары. Осы көркемдік шешім қаланың белгісін де, елдің символын да өз бойына тұтастырған қазіргі Қазақстан дамуының кезеңдік сипатын да танытып тұр. Бәйтерек – төрткүл дүниені құшағына сыйғызған алып ағаш. Ол дамып келе жатқан ғарыш кеңістіндегі тірі ағза ретінде қабылданады. Бұл ортадағы символикамен тығыз байланысып тұр. Шаңырақ – өзің өсіп-өнген отбасыңның әлем кеңістігімен ортақтастығын білдіреді.

    Осылайша ол көркемдік шешім тұрғысынан алғанда, екі символды – Бәйтерек пен Шаңырақты біріктіру арқылы жүзеге асырылған. Бәйтеректің негізіне аңыздағы Самұрық құстың самғауын танытатын «құсқанаты» оюы өрнектелген. Бұл ұстаным сол жағалаудың түйіндік символикалық безендірілуі (ұясынан ұшқан Самұрық құстың көлеңкесі Президенттік паркке түсіп тұр). Төлтаңбаның бүкіл аумағы екі сақинадан тұрады, сондай-ақ оның да өзіндік бейнелі мәні бар. Сыртқы сақина ұлы даланың тарихы терең қатпарларда жатқандығын білдіреді. Ал сыртқы сақинаның қызыл түсі Оттың аластаушылық құдіретінен туған. Ежелгі түркілер отты туу, жетілу және даму ұғымымен байланыстырып, тіршіліктің тірегі ретінде бағалаған. Ошақтың отын күннің жылуына балаған. Сондай-ақ қызылмен көмкерілген от-жалынды кірер есікті білдіреді, одан өткен әрбір адамның жаны тазарып, рухы артпақ. Көшпенділер көп жағдайда қызыл түсті ерлік рух пен айбынды жеңісті бейнелейтін жауынгерлік тудың түсі ретінде қабылдаған.

    Ал ішкі сақина тәуелсіз Қазақстанның жаңарған бейнесін және Астананың асқақтығын танытады. «Көгілдір аспан» түсі – ұлттық иедеология тәуелсіздігінің орталық негізін айқындайтын мемлекеттік тудың түсі. Ал Бәйтерек пен Шаңырақтың біріктіріле бейнеленуі қазіргі Қазақстан тарихының терең тамырлы екендігінің белгісі. Төлтаңбада негізгі астарлармен үйлесім тауып отырған өзгеде бірнеше айшықтар бар. Әрлендіру түрінде қолданылған жасыл қаусырма көктем сайынғы жаңару мен мәңгілік жасару мұратын білдіреді. Төменгі титульды ойманың безендірілуіндегі «Астана» жазуынан симетриялық сызықтар шұғыласы тарайды. Олардың әрқайсысы шаңыраққа қадалған уықтарды білдіріп тұр. Төлтаңба халықаралық геральдикалық символикалар талаптарын сақтау негізінде орындалған. Ондағы бояу мен кескіндік тәсілдер еліміздің тәуелсіздік алуы мен дамуында шешуші рөл атқарған тұлғаларға байланысты қала өміріндегі оқиғалар төлтаңбаға идеялық-мазмұндық мән беріп тұр.

Астана қаласының Tуы  

astana_flag.png