Елдің даму деңгейі қарттарға, балалар мен мүгедектерге деген қарым-қатынас арқылы өлшенетіндігі бұрыннан белгілі. Осы критерий арқылы мемлекеттік органдардың жұмысын бағалауға болады. Сондықтан әкімдік тұрмысы нашар адамдардың әлеуметтік қорғалуына баса назар аударады.
Астанада зейнеткерлер, ҰОС қатысушылары мен ардагерлер, көпбалалы аналар, 1 және 2 топтағы мүгедектер, 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар, афгандықтар мен чернобыльдықтар қоғамдық көлікте тегін жүріп тұрады, мұндай игі іске бет бұрған қала республикамызда біреу ғана.
Мектеп оқушылары мен студенттерге де жүріп-тұруға арнайы жеңілдіктер жасалған. Көліктік ұйымдардың шығындары жергілікті бюджет арқылы өтеледі. Қалалық қазынадан әлеуметтік төлемдер алушылар тізіміне тұрғындардың түрлі санаттағы азаматтары енгізілген. Жыл басынан бері Семей ядролық полигонының бұрынғы 358 тұрғынынан құжаттар алынып, оларға біржолғы ақшалай өтемақы төленген.
Биылғы жылдан бастап елорданың 411 отбасы мемлекеттік мекен-жай бойынша әлеуметтік көмек алуда. Мұндай көмек алуға кірісі кедейлік шегінен төмен азаматтар, оралмандар мен босқындар құқылы.
Естеріңізге салып өтейік, Астанадағы күн көріс минимумының көлемі биылғы жылдың үшінші тоқсанында 15 521 теңгені құрады, ал кедейлік сызығы (күн көріс минимумының 40 пайызы) ағымдағы жылдың төртінші тоқсанында 6208 теңгеге жетті. Аталған әлеуметтік көмек ай сайын әр отбасы мүшесіне төленіп отырады.
Сонымен қатар, кірісі төмен 2611 астаналыққа жергілікті қазынадан тұрғын үй жәрдемақысы есебінен коммуналдық қызметтердің шығыны өтеледі. Аталған жәрдемақы түрі коммуналдық қызметке төленетін шығын отбасының жинақталған айлық кірісінен 10 пайызға жоғары болған жайғдайда берілуі тиіс. Жәрдемақы көлемі былайша есептеледі: мысалы, кіріс 6000 теңге болып, шығын 3500 теңгеге тең келсе, онда тұрғын үй жәрдемақысының көлемі 2900 теңгені (3500 тг – 600 тг-10% 6000тг-ден) құрайтын болады
Туған-туыстарының күтімінсіз қалған қарттар мен 18 жастан асқан мүгедектерге ерекше көңіл бөлінеді. Олардың барлығы қарттар үйі аталып кеткен арнайы медициналық-әлеуметтік мекемеде өздерінің жетім кәріліктерін өткізе алады. Екі жыл бұрын оның тұрғындары Көктал-1 түрғын үй массивінде орналасқан жаңа ғимаратқа көшті. Арнайы медициналық-әлеуметтік мекемеде бір уақытта шамамен 416 адам өмір сүре алады. Қазіргі таңда бұл мекеме 30-дан 95 жасқа дейінгі 279 адамды қамқорлыққа алды.
Үй тұрғындары бір және екі орындық бөлмелерге жайғастырылады, әрқайсысының пайдалануында санитарлық торап, душ бөлмесі, лоджия, сондай-ақ қажетті тұрмыстық техника бар. Қозғалысы қиындаған жандар үшін санитарлық торап пен душ бөлмелері арнайы тұтқалармен жасақталған. Ғимарат толығымен ҚнжЕ талаптарына сәйкес салынып, пандустармен, лифтілермен жабдықталған. Демалыс үшін арналған бөлмелерде телефондар, кітапханалар, сандық киножоба мен стереодыбыстық колонкалар бар. Елордалық филармонияның әртістері, мектеп оқушылары Қарттар үйінің тұрғындарына арнайы концерттік бағдарламаларын ұсынып отырады. Қарттардың өздері де театрлар мен концерттік залдардың, цирктің жиі қонақтары, тіпті балық аулап, шипалы шөптерді жинауға шығып тұрады. Ең бастысы, олар әрдайым медициналық қызметкерлердің қарауында.
Сонымен қатар, қалада балалар мен ересектерге арналған екі психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекеме, тұрақты тұратын жері жоқ тұлғаларды әлеуметтік бейімдеу орталығы қызмет етеді. 2006-2008 жылдарға арналған мүгедектерді реабилитациялау бағдарламасы аясында елордалық Жұмыспен қамту басқармасы мүгедектерге әлеуметтік қолдау көрсетуде.
Қалалық қызметтер табыс көзінен айрылғандарға да қол ұшын береді. Жыл басынан бері 9387 адам жұмыс іздеп, Астана қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына өтініш берген, олардың 5723-і (61 пайызы) жұмыспен қамтылды. Олардың қатарына қолдауға мұқтаж азаматтар еніп отыр: 21 жасқа дейінгі жастар, жалғыз басты және көпбалалы ата-аналар, мүгедектер, бұрынғы әскери адамдар, оралмандар және бостандық еркінен айыру орындарынан оралғандар. Қазіргі уақытта жұмыссыздарға кәсіби дайындықтан өтіп, 37 мамандық бойынша өз біліктілігін арттыруға мүмкіндіктер жасалуда. Осылайша, жыл басынан бері 902 адам жаңа мамандық бойынша оқуға аттанды, олардың 705-і жұмыспен қамтылса, тағы 167-сі курстарды аяқтап болысымен, жұмысқа шығады.
Жұмыссыздық мәселесін шешу мақсатында уақытша қоғамдық жұмыстар ұйымдастырылған. Осы орайда Басқарма 103 жұмыс берушімен келісім шарт жасасты, олардың 80 – ПИК. Келісімшартқа сәйкес үй аумақтарын тазалау және абаттандыру, тұрғын үй массивтерін жөндеу жұмыстарын жасауға болады. 50-ден астам кәсіпорын оқушы жастар мен оқу орындарының түлектерін жұмысқа қабылдап, олардың өз мамандықтары бойынша тәжірибе алуына мүмкіндік жасауға дайын. Халықты жұмыспен қамту үшін 12 компания әлеуметтік жұмыс орындарын ашты. Осылайша, өз күшін қайда жұмсарын білмей жүрген азаматтар алдында зор мүмкіншіліктер туып отыр.